Арманға, қайран кеудем, жеттім деме,
Жүрегім, аласұрып кеттің неге?
Жаралан, жаралансаң, мен қайтейін:
Тоқтасаң тоқта, және, -
Тек кірлеме!
Жыртылсаң табар едім саған жамау,
Міндетім, жүрек, сені харамдамау.
Бел буып кіріссем де бермей жүр-ау,
Майданы тіршіліктің маған жалау.
Мына өмір ғажап өмір түсінгенге,
Ғанибет оны жырмен мүсіндеу де.
Дариға-ай, шама шіркін жетер ме екен,
Жүрекке шаң мен тозаң түсірмеуге.
Жимайын көкірегіме мен неге мұң,
Тірі өлген талайларды көрген едім...
Анадан туған жүрек - аппақ жүрек,
Білмеймін, қандай күйде жерге енерін.
Жүрегім жоқ жел сөз айтып желпінгелі,
Кірлетпеу жүрегімді сертім менің.
Беу, дүние, бір-ақ рет ғұмыр бердің,
Ендеше бір-ак рет өлтір мені!